Без рубрики

Әзімхан Исабек: Құнанбай — ақын болған…

Құнанбай қажының тұла бойында астасып жатқан көп қасиетінің бірегейі – оның нақыл сөздерінде, аузымен құс тістеген шешендігінде. Иә, Құнекең талай қара тілді сөзшеңдердің өзін жырмен түйреген. Оның бір мысалы: Мәшһүр Жүсіптің әпсаналарына сүйенсек, қажы нағыз суырыпсалманың семсері, нағыз от ауызды, орақ тілді шешен, сен тұр мен айтайынның өзі болған. Ел аузында: Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып, үйленіп Құнанбайдың үйіне кіріп барғанында Құнекең Балтаға қарап:
Ақ құрлар, қара құрлар, құрлар, құрлар,
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қып алып қашып,
Ел аралап жүреді-ау арсыз мұндар
деп, – Балтаны семсердей жауһар сөзімен сергелдеңге салған көрінеді.
Сонымен қатар белгілі Құнанбайтанушы Бейбіт Сапаралының еңбегінде Құнанбай айтты деген бірнеше жолдар берілген. Зерттеуші қажының бұл өлеңдеріне «Жұлдыз» №6, 1987-жыл, 197-198 б деп сілтеме берген. Соларға зер салып көрелік:


Шаруаң оңына айналғанда:
Мінген атың жүреген болады,
Асыраған итің үреген болады.
Қатының қадірлі болады,
Қызың ажарлы болады,
Малың базарлы болады,
Ұлың білімді болады.
Құлың сенімді болады.
Шаруаң солға айналғанда:
Мінген атың шабан болады,
Асыраған итің жаман болады,
Қатының сараң болады,
Қызың ажарсыз болады,
Малың базарсыз болады,
Шөбің шығымсыз болады,
Малың жұғымсыз болады.
Ұлың білімсіз болады,
Құлың сенімсіз болады.

                                      ****

Бұл дүниенің баласы,
Алды-артыңа қарашы.
Ата-анаңның ақылы
Қазылған қара жолмен тең.
Ағайының көп болса,
Ұлы әскер қолмен тең.
Қарсы келген кәрілік
Жайып қойған тормен тең.
Жақсының бәрі сұм болса,
Қазып қойған көрмен тең.
Орнын білмес жаманға,
Есік те болса төрмен тең.
Жаттан болса алғаның
Маңдайға біткен сормен тең.
Жақсы ағаң бар болса,
Алдыңда асу – белмен тең.
Жаманға айтқан ақылың,
Соғып өткен желмен тең
Қайғы ойлаған жаманның
Алды тұйық жармен тең.
Байларда қайыр жоқ болса,
Шөпті, сусыз шөлмен тең.
Саясы жоқ бәйтерек
Сазға біткен талмен тең.
Қайырып салса ақ сұңқар,
Қаз ілмесе қарғамен тең.
Жақсылардан сабақ ал,
Алуа, шекер, балмен тең.
Пайдасыз байға жалынба,
Асау семіз малмен тең.
Жетесі жаман бозбала
Қатын алса қай күні
Қадам шықпас үйінен,
Тоқсанға келген шалмен тең.
Еліңде болса жомарт бай
Қарындағы маймен тең.
Кей адамның мінезі –
Жарлы да болса баймен тең.
Кей адамның баласы –
Ақылы болса данасы,
Көкірегі саналы
Бұлтсыз туған аймен тең.
Кей адамның баласы –
Бойында ақылы болмаса,
Ербиіп тұрған бір байғұс,
Өлі жүнді таймен тең.
Жүрген жері жақсының,
Күнде базар, мереке,
Күндіз-түні қой сойып,
Ат шаптырған тоймен тең.
Көп жаманның ішінде
Бір жақсысы болмаса,
Қарап тұрсаң қалпына
Серкесі жоқ қоймен тең.
Білген кісі азар ма,
Тәубесінен жазар ма,
Білгенін түзу кім айтса,
Оның өзі мұңмен тең.
***
Өсиетім байларға:
Көп қуанба малдарға,
Кетеріне келгенде
Киімнен жуған кірмен тең.
Жақсының айтқан ақылы
Гауһар шырақ-шаммен тең.
Жақсының берген үлгісі.
Сарғая атқан таңмен тең,
Жамандар тыныш жүрмейді,
Айтар сөзін білмейді,
Ұлық алдына келгенде
Ажалы жеткен аңмен тең.
Алыс пенен жақынның
Таразысын тең тартса,
Қара да басы ханмен тең.
Бір адамды қор тұтып,
Бір адамды зор тұтып,
Төреге берген қазы бар
Арам өлген малмен тең.
Атадан жақсы ұл туса,
Айналасыз бір туса,
Жақсыны жалғыз демеңіз
Бір топ туса онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең.
Жүз боп туса мыңмен тең.
Атадан жаман ұл туса,
Айналасы мың туса,
Мың да болса жүзбен тең,
Жүз де болса онмен тең,
Оң боп туса бірмен тең.
Атадан жақсы қыз туса,
Бір болғанмен онмен тең,
Он боп туса жүзбен тең,
Замандасын құрметтер,
Қыз да болса ұлмен тең.
Атадан жаман қыз туса,
Жамандықты көп қуса,
Есіктегі күңмен тең.
Балдан тәтті ғазиз жан,
Бір күні шіріп қалар тән.
Шыбын жанның шығуы,
Батып кеткен күнмен тең [11,118-121 б]!


Хаким Абай: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз» [13,339 б] депті. Сол айтқандай Жаратқанның парызын өтемек ниетпен, Құнекең ғұмыры соңына таяғанда Аллаға бет бұрып, Пайғамбардың жолымен ораза тұтып, намаз оқуымен қатар 71 жасында мұсылмандардың қасиетті ордасы – Меккеге сапар шегеді. Қасына өзінің асырап алған, іні есебінде қадірлеп-сыйлаған жанашыр бауыры Ізғұттыны ертіп, жолдан Қаракесек Байбөрі руынан шыққан, бұрындары Меккеге бірнеше рет барып қайтқан қажы Өндірбай халфеге айтып, сол кісіні жолбастаушы ретінде ертіп кетеді. Абай Меккеге барар жолдың картасын сызып, жүретін жолды ұқтырып, қағазға бар қажеттіліктерді жазып берген екен. Бұл сөзімізге романдағы мынадай үзікті ойлар да дәлел бола алады: «Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып еді, Құнанбай бұны тізесінен алақанымен ақырын басты да: — Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші, балам! – деді. Абай қалтасынан сиямен жазылған бірталай мол қағазды шығарып, Ызғұттыға көз салып: — Менің тапқаным бәрі осы қағазда. Ызғұтты аға, осыны жаныңда сақтағайсың! – деді. Абай Ызғұттыға осы қағазын беріп жатқанда, Құнанбай жолдағы үлкен шаһарлардың атын тағы бір рет қайта сұрады. Абай қазақ даласындағы құм, шөлді Қарқаралыдан қосылатын Өндірбай қалпенің өзі біледі деп, жолдың бер жағын сөз қылған жоқ. Тәшкенге шейін қазақ ішімен барысады. Одан арғы қалалардан анықтап атап, көп қайырып айтып бергені Самарқан, Мәру, Мешһед, Асфаһан, Абадан еді. Осыдан ары жол не Арабстанның сахарасымен өтпек. Болмаса, тіпті жайлысы, кемемен айналып жүріп отырып, Меккенің өз тұсынан апарып түсірмек. Қысқасы, бұл жерден ең төтесін атағанда, көп кітаптан Абай байлаған жол сорабы осы еді. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқан-ды. Жолдағы елдердің өзгеше тірліктерін, географиялық жағдайларын, кәсіп, шаруа салттарын көп-көп әңгімелеген болатын. Құнанбай оның бәрін тыңдай отырып, Абайға іштей ырза болып еді» [3,10-11 б]. Ал осыған ұқсас жағдаяттар естелік кітаптарда былай баяндалады: «Ол күнде жол қатынасы өте қиын, Семейден ат арбамен шығып Қарқаралыға соғып, одан Омбы қаласына барып, пойызға мініп, Қара теңізден пароходқа отырып, көп еждиһат көріп, бір айдан асқанда Меккеге жетеді» [5,142 б]. Құнанбай барған соң қажы болуға барған қазақтар саны тым аз-ды. Барлық үш жүздің баласынан барушылар саны 7-8 ғана адам болған деседі. Бұлар барғанда, бұрын барған қажылар орналасып қойғандықтан, қазақтарға жататын орын табылмаған соң, Құнанбай арабша білетін бір тілмәшті жалдап алып, қаланың басшысына барып, хал-жайын айтып, жатар орын сұраса:
– Басшы: «Сіздер қандай халықсыздар»? — дейді.
– Біз қазақ деген халықпыз десе,
– Басшы: «бізге жер үстіндегі мұсылман халқы жылда келіп Қағбаны тауап қып қайтады. Қазақ деген мұсылман ел бар деп бұл бірінші естігеніміз», — дейді.
– Құнанбай қайтып жолдастарына қатты қапаланып келеді. Мәнісін сұрағанда, манағы басшының сөзін айтады.
– Жер жүзінде біздің қазақтан қор халық жоқ екен. Барлық мұсылманның ұйытқысы болған Мекке бастығы аты-жөнімізді білмеді, – дейді. Сол қазақтан барған қажылардың ішінде кіші жүз Мырқы деген адам бар екен. Сол кісі:
– «Құнанбай, сен босқа налыма, қазақ елінің атын шығарам десең, кейінгі қазаққа мұра болып қаларлық бір қонақ үй салғыз, не дайын үй сатып ал, пұл менен болсын, еңбек сенен болсын», – депті. Соған уәде байласып, өзге қажылар еліне қайтқанда, қазақ тәкиесі, яғни қонақ үйін салғызбақшы болып Құнанбай Мекке қаласында қалады. Оған Мырқы бір мың сом қаражат береді. Өзге қажылар да шамасынша көмек беріседі. Қоштасарда Құнанбай Мырқыға қарап былай деп үн қатады.:
– Мен тірі болсам, бұл жұмысты орындамай қайтпаймын, осы қонақ үйді сіздің атыңызға жаздырамын десе, Мырқы:
– Олай емес, мен мал бердім, сен жаныңды қиып салдырдың. Мал қымбат па әлде жан қымбат па? Малын салғанның атына емес, жанын салған адамның атына жаздыр, – дейді. Сөйтіп Құнанбай бірнеше айлар жатып 100 адам сиятындай, (бір деректерде 12 бөлмеден тұратын) қонақ үй салдырады. Иә, тарихта бұл «Құнанбайдың тәкиесі» деген атпен қалды. Абайша айтқанда:
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты [13,208 б].
Осындай тектілігімен, Жаратқанның рақымына бөленіп, ел қамын жеген Құнанбай қажы мұсылман игілігі үшін қияметке дейін өзінің өшпейтін ізін қалдыра білді.


Әлбетте, Құнанбай қажы туралы не айтсақта ұлы Абайдан асырып айта алмасымыз анық. Шындығына келсек Абай да, Шәкәрім де Құнанбайдың салған тағылымның арқасында ұлттық болмыс бітім мен рухани жаңашылдықтың негізін қалады. Бала Абайдың, дана Абай болып қалыптасуына Құнанбайдың сара жолы мен дара даңғылы, мейірім-шафқаты орасан екендігін ел білсе дейміз. Құнанбайдың дариядай парасатының өзі бала Абайдың жанында «аспанмен пара-пар таудай емес пе?» Биікке мықтап, мінбелеп тұрған сол тау әманда көркімен баурайындағыларды өзіне тартып тұрады. Адамзатта сол биік шыңға қарап, биіктеп бірте-бірте дамылдап бой түзейді. Ойымызды қаңтара келе айтпағымыз:
Қарамықтың дәні болғанша,
Бидайдың сабаны бол.
Жаман қауымның жақсысы болғанша,
Жақсы қауымның жаманы бол.
Иә, бұл Абай хакімнің ұлы ұстанымы. Әке Құнанбай берген тәрбие. Тәмам!

Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындығы ОҚМУ-нің
магистранты.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button