Әдебиет

АРҚАЛЫҚ ӘМӘЛИЯТҰЛЫ: ТҮРКІСТАНҒА БӘРІБІР…

Арқалық ӘМӘЛИЯТҰЛЫ — өлеңдері «Оңтүстік қазақстан», «Қазақстан жолы» газеттерінде жарық көрген. «Жастық- жалын жыр», «Түркістан түлектері» жинақтарына өлеңдері енген. «Ұмытшақ көктем» жыр жинағының авторы.

Арқалық Әмәлиятұлы қолтаңба беруде

КҮМБЕЗ ШАҺАР КҮМІРЕМДЕРІ

Цикл

I
Оғызтаудың отқа оранған моласы,
Рухымның көзден аққан сорасы,
Сақ, Үйсіннің шақырады қол бұлғап,
Қаратауда қалғып жатқан обасы.

Мазарларға қарап үнсіз жүдеген,
Мағанасыз ғұмырымды сүрер ем…
Сегіз қырлы Сағанаға сүйеніп,
Сақ бабама арнап жаздым бір өлең.

Дұға емес, осы өлеңнен дәметіп,
Ашылардай жұмақтағы бар есік,
Өлі- тірі ұйыйды үнсіз, сөздерге,
Жамағатхана сол өлеңге тәу етіп.

Көп кешшеге көне шаһар тақса айып,
Шырағданның жанарынан жас тайып.
Ақсарайдың жақтауынан жалындап,
Әулиеге жыр оқимын қасқайып.

Жасыл түсті құлыпытасқа, кеудеге,
Барлығына бабам жазды шерлі өлең.
Сол өлеңді түсінбейді ел неге,
Ерке Шаһар, түсінбейсің сен неге?

II
Еркем,
Сен Мүсәлла қақпасынан күлімдеп,
Мен Тәкия қақпасында мұңайып.
Сендік өмір сырын айтқан күбірлеп,
Айға тағар, мендік тағдыр мың айып.

Ескерткіштей ескірмеген ғұмырды
Сүріп жүріп, жаным сенен суынды.
Дерегі жоқ Сағанаға қалтырдым,
Саған арнап жазған соңғы жырымды.

Сен Қарашықтөбе жақтан еркелеп,
Мен Қарашықкөлі жақтан жабығып.
Сен үйіңе жаяулайсың ертелеп,
Мен қалармын, сол мекенде қамығып.

Мезгіл мұңлы, жаз жамалды, ерке күз,
Бұл шаһарды қалтыратар үт желі.
Сәуір өңді, көктем мінез, Ерке қыз,
Сен Бабыраткөпірінде күт мені.

Сауран асып, ақын жүрек Шаға асып,
Мұң арқалап Мәжнүнменен егіз боп.
Құлантөбе, Күлтөбеден ары асып,
Ғар бөлмеге кіріп шығам сені іздеп.

Сен де, мен де Айнакөлге сыр айтып,
Сүйетінбіз, оны кімнен жасырдық?
Біз болайық ешкім кетпес мұңайтып,
Шын ғашықтар кейінгі орта ғасырлық.

Ей, шығыстық, хұсыни қыз, Ерке қыз,
Мендік мұңның таба алмайды құс емін.
Саған сырлы өлең оқып берсе күз,
Мен Бегімнің моласында күтемін…
Сені!

III
Күмбез шаһар. Күлгін мінез. Күрең үн.
Күрең үнде көңілсіздеу тұр өңім…
Күннің қызы,- ей, іңірдің жүрегі,
Мен жолыңа қарай- қарай жүдедім.

О, гүлзар бақ, қалмашы енді, сен үнсіз,
Кесенеден қайтпайыншы мен үнсіз,
Көктем кетер көк көйлегін жел желпіп,
Күз де өтер, жаңбырлы һам көңілсіз.

Мезгілдерді меңдеріңе қондырып,
О, Сәуле қыз, сағынышты жол қылып
Менде кеттім, жалғыздықты жетелеп,
Орындықта көктем отыр болдырып.

Құстар үні қиялымды жаныштап,
Мұнар қала, мұңың кетсін алыстап,
Шарабыңнан құйшы тағы сақи дос,
Рухтарға көтерейін бағыштап.

Жатағыңда хатымды оқып, жыладың,
Көз жасыңмен өткен күнді құрадың.
Күлтөбенің күркесінде жүрегім,
Қызғалдақтың күлтесінде тұрағым.

Көз жасымдай кермек татыр жаңбыры,
Сол көшеде сағынышым қалды ұлы,
Сағыныштың көшесі боп қалды ақыр,
Біз жүретін Саттарханов даңғылы.

Құстар үні қиялымды жаныштап,
Маған күліп қарамайды таныс бақ.
Шарабыңнан тағы құйшы сақи дос,
Сағынышқа көтерейін бағыштап!

IV
Ол- бақытқа лайық жан, күз біледі…
Қарт Түркістан, ол неге үздігеді?  
Қария, сіздің көктем қайсы көктем?
Кім жетелеп келді екен сізді бері?

Түнге оқыдым жырымды, таңға оқыдым,
Жоққа оқыдым жырымды, барға оқыдым.
Сізге оқыдым қос қолы қалтыраған,
Күзге оқыдым, тағы бір жанға оқыдым.

Азан үні қанатын жайсын еппен…
Қария, сіздің көктем қайсы коктем?
Қай жылдар сізді алдаған қартамыш қып,
Қайсы түн адастырды айсыз өткен?

Күмбезқала киесі көмілгелі,
Қара бұлты көгімнің сөгілмеді.
Сіздің күйден ауырлау, байқайсыз ба,
Бұл қаланың мұңы да көзіндегі.

Жымиясыз, нұр шашса Күлгінтөбе,
Өмір шамы қалмас деп бір күн сөне,
Басқа амал жоқ, Қария, білем енді,
Дұға оқытып қайтарсыз бір дүмшеге.

Сіз бақытқа лайықсыз, көктем білді,
Көктем білді баяғы өткен білді.
Ғасыр аттап бізді іздер қарт Түркістан,
Іздер әлгі мен оқып кеткен жырды.

Сол көктемде өзімді Ноян дейін…
Сол көктемде мен сізге оян дейін,
Іңір ауып барады, мен аттандым,
Қария, қош болыңыз, соған дейін.

V
Сәуірдің жаңбыры- сендік мұң сыңайлы,
Сәуірдің тағдыры- мендік мұң сыңайлы,
Сен жылай көрмеші, мөлдіреп ерке қыз,
Жыласаң Түркістан қосыла жылайды…

Ол жаңбыр- Түркістан көз жасы сеілді…
Ұмытуға өзіңді, менде енді бекіндім.
Кемпірқосақ тақтым да сен кеткен жолдарға,
Ойларға ап- ауыр малшындым не түрлі…

Жанымды сағыныш, әнімді түн қамап,
Жүректі баяғы елестер жұлмалап,
Күміремдер оқыдым күбірлеп тым ұзақ,
Кесене әмірін құдайдан ұрлап ап!

Шығыстың мен болып ең соңғы мұңлығы,
Тост айтып көтердім, ғазалды, жырды ұлы.
Сыртымнан мені үнсіз тыңдайды күнде кеп,
Абылайхан көшесінің белгісіз тұрғыны.

Жаңбырлы сәуірім, жабырқау Кесене,
Көктемнің көз жасы келді екен нешеге?
Сен жылай көрмеші мөлдіреп ерке қыз,
Жыласа жыласын, көктемдер, көшелер!

VI
Сен жүректің әміріне бағынбай,
Мен жүректің әміріне бағынбай,
Ал Түркістан… Түркістанға бәрібір,
Жақсы көрер ол да мұңды жанындай!

Мен сырымды көп айттым- ау, шылымға,
(Бәрі осылай болатұғын бұрында…)
Сен балмұздақ мінезіңмен тәп- тәтті,
Өкпелепсің кеше түні ғұмырға!

Ғұмыр- ол да жұрт айтпақтай алдамшы,
(Менде алданғам, Еркем, сенде алданшы…)
Ей, перизат парағымның жырлары,
Сен тәңірдің өлеңіне жалғаншы!

Бұл қалаға менде еркемін, сенде ерке,
Еркелетер масаң жүрек сенделсе.
Бақыт жайлы көп айттың- ау, сен маған,
Бақытты боп алар едім жөн келсе!

Көп айналдым, Кесенені, Қорғанын,
Жүрегімді алып ұшып қолдағы.
Бақыттысың деймін саған қайталап,
Баянсыздау әңгіме еді олдағы…

Кеткің келіп, кетуге де таяу қап,
Бұл қаланы қимайсың ғой… аяулы- ақ!
Сен көктеммен бірге кеттің оны іздеп,
Мен үйіме қайтып келем жаяулап…
Ал Түркістан… Түркістанға бәрібір!

VII
Түркістанда құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде адам сүйектері шықты. Ясауи кесенесі маңында жерден бірнеше метр тереңдіктен мүрделер табылды…

Хабардан

БҮГІНГІ РУХНАМА

Еркем,
Тым асығыс, тым жүдеулеу өте көрме бұл тұстан,
Себебі бұл рухтарын жерге көмген Түркістан!
Сосын, менен сұрай берме, қайта- қайта Құдайды,
Құдай тұрмақ, жердегі анау, рухтар да жылайды.
Өмір саған аяулы- ақ қой, ал мен үшін қадірсіз,
Қалтырған ол біз түгілі, рухтарды қабірсіз…
Рухтармен сырласатын менің мына ой, санам,
Ал адамдар қазір оны қазып алды қайтадан!
Сосын мен де бұл арадан кеткем алыс безініп,
Рухтарға соры қайнаған, қалмайын деп кезігіп…
Мүмкін болса аспан жаққа менде тезден көшер ем,
Қимайтыным- Ауылым мен үйім сынды Кесенем!
Жердің беті сорлы рухтар, сорлы адамдар, жын ойнақ,
Күн мұңаям солар үшін, түн жылаймын Құдайлап!
Мызғап кетсем бейуақта ақшамдарға бас сүйеп,
Мені келіп оятады қабірі жоқ бас сүйек!
Менен бұрын кетер сонда ет жүрегім оянып,
Қазып алған қабырғаны тұрар сосын таянып…
Сенгенімді шатастырып, құранмен де дұғаммен,
Жүрегіммен бас сүйекке үнсіз қарап тұрам мен…

Еркем,
Менен тағы қайта- қайта сұрай берме Құдайды,
Құдай тұрмақ, қабірі жоқ рухтар да жылайды.
Бұл арадан тым асығыс өте көрме сен жүдеп,
Бұл арада сорлы рухтар жылап жатыр мөлдіреп…
Саған да өмір сезіледі ертеңгі күн қадірсіз,
Бұл жұрт соны білер ме екен, не Құдайсыз, Тәңірсіз!
Ештемеге сенбесінші перштелік ой- санаң,
Бұл адамдар оның бәрін тартып алар қайтадан!
Құтылмассың олардан да, өмірден де безініп,
Сенен бұрын рухтар өлер бәлкім көз іліп…
Мүмкін болса сені дағы аспанға алып кетер ем,
Қимайтыным- Ауылым мен Үйім сынды Кесенем!
Жердің беті пенделер мен сорлы рухтар, жын ойнақ.
Аспан жақта сайран құрар Ұмайлар да Құдайлап!
Сәл мызғашы, ерке іңірге еркелей бір бас сүйеп,
Оятқанша қабірі жоқ қабырға мен бас сүйек.
Сам түскенде, қап- қара түн күлгін түске боянып,
Сен үйіңе қайтағойшы, қабырғаны таянып…
…Сенгенімді шатастырып құранмен де дұғаммен,
Аспан жаққа және саған үнсіз қарап тұрам мен…
Тым асығыс өте көрме ана арадан сен жүдеп,
Ол арада сорлы рухтар жылап жатыр мөлдіреп…

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button