Әдебиет

Арайлым Мұраталиева: Блюз…

Арайлым Мұраталиева — ақын. Өлең жазады. Жақсы жазады. Бүгін оның туған күні һәм өлең жаза бастаған күні. Көп жерде оны тағдырлы ақын деп жатады. Жоқ, олай емес! Ол — табиғи ақын! Достары оны «Арико Мураками» дейді.

Ендеше Арайлымның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

БЛЮЗ

Өзімді еске алдым кешегі,

Армысың, ескі Елес , о, шерлі!

Өткен шақ самал боп еседі,

Саксофон үніндей əсерлі.

Ол кезде басқаша болатын

Сəлемің. Ал бүгін өзгесің.

Əсерлі əніне салатын,

Кінəлап қайтемін Жаз кешін.

Сенсіз де жазар ем ойлы өлең,

Бір нəрсе жетпейді… білім бе?

Сен маған қазақша сөйлеп ең,

Мен саған жүректің тілінде.

Ұмытпау үшін де атыңды,

Өткенге орала беремін.

Маңдайға жазылған мəтінді

Оқуды үйреніп келемін.

Өлең боп төгілдің сиядан,

Санамда жоқ еді жат ұғым.

Телефон соғуға ұялам,

Немесе жетпейді батылым…

Өзімді еске алдым кешегі,

Армысың, ескі Елес , о, шерлі!

Өткен шақ самал боп еседі,

Саксофон үніндей əсерлі…

******

Не түрлі ой көңілімді бөледі,

Қазір бəлкім, ұйықтағаным жөн еді.

Түсініксіз түс көру де бір қызық,

Түсініксіз пендемін ғой себебі.

Кейде баққа көктем болып оралып,

Көбелектей гүлден жүрем нəр алып.

Əр əріпі махаббаттан құралған,

Маңдайымда тəтті сөздің бары анық.

Жас жаныма күмбірлеген күй сыңар,

Түн — ақынға Тəңір берген сый шығар.

Өмір, саған жырдан əтір себейін,

Ол əтірде ұлылықтың иісі бар.

Кеңдігіңе қарап көңіл жылынар,

Мені сендей, сені мендей кім ұғар?

Аспан, саған өлең оқып берейін,

Өлеңімде сағыныштың үні бар.

Жаз да жетті, төгіп бізге таң нұрын,

Адамзаттың бірдей көріп барлығын.

Бұл жаздың да кететіні белгілі,

Сары түске бояп алып тағдырын.

Сағат тілі түнгі үшке таяды,

Мазалайды мені сол бір ой əлі.

Жүрек дейді: «Бəрі жақсы болады!»,

Түк етпейді, өмір ғой бұл баяғы…

*******

Бақ ішінде отырмыз — Ой және Мен,

Жапырақтың аялап сыр-сенімін.

Табандарда тапталған, қайран әлем,

Мен болмасам жасыңды сүртеді кім?

Қоңыр пальто. Қоңыр күз. Қоңыр әуен.

Қолшатырға төгілген аспан шері.

Адам болсаң бағың боп жолығар ем,

Табандарда тапталып жатқан сенің.

Шыр айналып, құс салды қиылып ән,

Қалып кетті екен деп бұл күзде нем.

Уақыт күліп қарап тұр миығынан,

Телефон ішіндегі күнтізбеден.

Қыс келеді, жапырақ, аз күнде енді,

Тоңдырар ма жаныңды ақ қар демі?

Саған арнап бір өлең жазғым келді,

Жұбатуға бірақ та жоқ дəрменім…

Біле білсең, сенсің ғой сәні бақтың,

Сарғаюдың алайда мәні неде?..

Сені өзімнен жақсырақ танып аппын,

Айтшы, сені теңейін тағы неге?

Бақтан шықтым сыртына ғашық әркім,

Үңілмейтін ішінің мән-жайына.

Күз — Тəңірдің сарғайған хаты, бәлкім,

Жапырақтың жазылған маңдайына…

Rastimes.kz ақпарат агенттігі

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button