Әдебиет

Ақбота БЕЙБІТБЕК: Әдемісің ғой, қыз…

Түймедақ,
түймедей мұңның да мысы ауыр,
Көңілім неліктен құса бұл?
Раушанды ұнатқан емеспін,
Сыйлаған жоқ ешкім.

Арулар үзсе де күлтеңнен, «Сүйеді», «сүймейді» бір теңге.
Сезімді ұқты ма сендегі,
Сұлулық бүркенген?

Түймедақ,
түйрейді түйедей ойларым,
Ұмытқам,  кешіргем жай бәрін.
Келмейді төбемді көрсеткім,
Келмейді сайрағым.

Түймедақ,
сынауға сәт түссе  үйір жат,
Тағдырға айту да  қиын дат.
Қаңбақтай кетпесін желге ұшып,
Бармақтай бұйырған түйір бақ!

*****

Тым жасық кезде сонау,
Көрінбей көзге ештеңе.
Күз бен Қыс кездесер-ау,
Қыз бен Ол кездеспеген.
Өкпелемейді Күз,
Өкпелемеші, Қыз.

Түнектің аты түнек,
Болмайды бөлек аты.
Жүректің аты жүрек,
Жүректің Өлең аты.
Жапырақ =жүрек =Күз,
Жапырақ =жүрек =Қыз.

Сейілсін, қане, күдік,
Сағыныш бүрін ашты.
Күз деген Әдемілік,
Сұлулық түбір асты.
Әдемілік қой Күз,
Әдемісің ғой, Қыз.

ДОЛАНА

Ойларды жуықтатпай санама оғаш,
Табам жоқ, күнім де жоқ тобаламас.
Дөңгелек дүниенің діңгегі боп,
Түсімде тұрдың өзің долана ағаш.

Жаныма бойжеткелі жат еді күз,
Дайын боп кешіруге қатені жүз.
Мәуелі жемісіңе шоқтай қызыл,
Тамсанып қарап тұрдық  әкелі-қыз.

Жетпейді қазір даусым, қазір үнім,
Бақыттың басыңда тұр тәжі, гүлім,
Деді де маңдайымнан сипады әкем,
Білдіріп шын көңілмен  разылығын.

Күн күліп, шырқап жатты кұстар әнін,
Таранып біткенінде түс тарағын.
Білдім мен бұйтұмарым , екен бағым,
Өзіңе ұқсағаным, ұқсағаным.

Оң жолға алып келді жорамалым,
Белгілі дертен ішкі оңаларым.
Жылуын әлі сезем алақанның,
Дәмі де қалды аузымда долананың.

Осы менің тілімнің кемістігі бар,
Тілімнің ұшында тағдырдың теріс қыры бар.
Жанымның кеңістігі бар…
Жылы сөздерді,
жақсы сөздерді айта алмай,
Өтуде сәттер, өтуде ғұмыр байқалмай.

Осы менің көздерім нашар көреді,
Батырды батыр, осалды осал демеді,
Шынайылықты қашан көреді?!
Сұлулықты көруге құштар көздерім,
Сұлу емес-ті көз жанарында өзгенің.

Осы менің құлақтарым да саңырау шығар?
Еңсеп қазған шыңырау шығар?
Естімегенім соңы дау шығар?..
Азанның үнін естіп оянған дұрыс-ау,
Адамның үнін естіп оянған дұрыс-ау…

Бұзылған сосын мендегі жүйке жүйесі,
Мен кешкен қызық, өзіме аян күй осы.
Маңдайдан сипап қояды суық алақан,
Жағылмаса да деп қараңғылықтың күйесі.

Ұқсас материалдар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Back to top button