Әдебиет

АЙДАНА ҚАЙСАРБЕКҚЫЗЫ: ҰЙЫҚТАТПАШЫ…

Айдана Қайсарбекқызы. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология жəне көптілді білім беру институтының магистранты

Назарларыңызға ақын Айдана Қайсарбекқызының өлеңдерін ұсынамыз.

Айдананың өзінің мінезі сияқты қызық та әсерлі өлеңдерін оқи отырыңыздар!

*****

Мына өкпе тұсымда

Бір сағат бар.

Ал тілімнің ұшында — сын сағаттар…

Бір сағат бар сəттері сықылықтап,

Тамағыма қадалар қылтанақтап.

Ол не сағат?

Ол…

Тұрған өкпемде не?

Жүрек жүріс өкпеме көшкен бе деп…

Алда-ау, өмір өтем деп неге айтпаған?

Қалдырмай ма бір бүршік көктемге де?

Көктем уайым шекпепті-ау ауысқасын.

Тек бірер сəт кеудемде дауыстасын:

«Уақыт сарқып тауысар өміріңді!»

Өле алмасаң…

Əрине, намысқа сын.

Өле салу оңай-ақ жалыққанға,

Көне салу оңай-ау торыққанда?!

Сағатыңа, Өмір-ау, айналдыршы

Оятайын əуенің болып таңда…

Сағатым бар кеудемде

Одан кемі

Сарт! Сарт! Сарт! Сарт дейтіні… сол-ау демі

Есіңде ме сүйем деп серт еткенің?

Мен де өлуден қорқамын содан бері.

*****

Саған сенгенімді көп айтқаным соншалық…

Өзім де соған сенер болдым

Өлер болдым сүйемін деп жар салып.

Əуелде əлем тұрғандай ед əлдилеп

Əуелде əлем тұрғандай ед əн салып.

Содан əлем əлдилемес болғасын,

Содан əлем əнді сүймес болғасын

Көз алдымнан көгала үйрек ұшқандай,

Мəнім үркіп əр жарға,

Жалғыз жаным көктей солып əр жолда

Қалтырағам қу тіземді құшқандай.

Сен де сонда болғасың!

Əр тамшы жас қорғасын…

Жар һақ ие қолдасын!

Сонда сені сүйемін деп көп айтқаным соншалық…

Өзің де соған сенер болдың

Өлер болдың өкінем деп жар салып.

Əлем сонда əнін үзіп көз тікті

«Бұл не деген көзсіздік» деп дем жұтып,

«Бұл не деген ессіздік» деп тамсанып…

Əлде мені əуейілеу əл билеп,

Жатыр екем көнтерілеу зарды илеп.

Оятқаның мұнша жақсы болар ма-ау

Əлем болып əлпешіңде әндетіп,

Əлем болып отыр ма едің əлдилеп?!

Енді ұйықтағым келмейді!

Ұйықтатпашы!

Мына түстер-ақ шаршатып бітіретін болды.

Өтінем, ұйықтатпашы!

*****

Ай ауып кеткенше,

Күн қайта жеткенше

Түсіңді күзетер;

Түсімді күз етер бір мұң бар…

Бір нұр бар…

Бейсауат түсіңдей күз-қызды жек көрсем,

Көп күдік қаумалап кептерше…

…құрғырлар!

Ай ауып кетпестен,

Күн тағы жетпестен бұрын сен

Бір рет болмаса бетіме үңілсең болмай ма?

Болмаса бір рет түңілсем; сүрінсем болмай ма?

Бейтаныс есімді атаған өзіңнің

Түсіңе барар ем, жол қайда?!

Көп күдік қаумалап кептерше…

…жарайды, мəн берме ондайға!

Ай ауып кетсе екен,

Күнім тез жетсе екен əл бергей.

Ұзатып тағы айды

Бір күз бар түсіңді күзетер;

Бір қыз бар түсімді күз етер тағы ойда.

Ол күз де əсем бе əндердей?

Ол қыз да əртіс пе дəл мендей?

Кетем ғой мəн бермей…

Жарайды!

*****

Уа, гиатара,

Қайғырғаның қайғың ба?

Қуанғаның бақыт па?

Мəнім бар ед, ол да бірақ ашыққан…

Сүйдім дейсің сеніп тұрып күмəнмен

Күйдірмейсің өртеп көріп жатып та.

Өртеп те көр…

Бірақ көзің тайдырма!

— Бізден гөрі бақытсыздау бақыт па?

— Бізден гөрі бақыттырақ қайғың да!

Қайғыңды өлшеп көз жасымның жанымен,

Бас тартып та көргем жоқ па бəрінен?

Көнген оңай, сенген оңай дей алсам

Тірі емеспін əлі мен….

Тірі көзім мөлтілдей ме қайғың деп.

Ие, гитара! Бақыт қонар айдын көп.

Талпынғаным не тұрады сен үшін

Бақ құсы боп қанатымды жайғым кеп.

Топшымдағы қара мұңның күйесін,

Есіме сап отырасың жиі осы.

Бақ құсы емес екенімді білесің,

Қанатым жоқ, көріп

«Ұш!» деп сүйесің…

Енді қайт дейсің?

Ұқсас материалдар

Back to top button