Қытай коронавирус жұқтырғандарға арналған аурухананы 10 күнде салып бітті

ҚЫТАЙ, Rastimes.kz — Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандарға арналған аурухана қолданысқа берілді, — деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қытайлықтар коронавируспен ауырғандарға арналған емдеу мекемесін небәрі он күннің ішінде салып біткен. Ғимарат вирустың орталығында, Уханьда орналасқан деп жазады Синьхуа.

Бүгін медициналық мекеме қолданысқа берілді. Онда 1400 әскери дәрігер жұмыс істейді. Аурухана 1300 адамға есептелген.

Айта кетсек, бұған дейін Қытай билігі коронавирус жұқтырғандарға арналған аурухананы 10 күннің ішінде салып бітуді жоспарлап отырғаны хабарланды. Мекеменің құрылысына жүздеген құрылыс техникасы мен мыңдаған жұмысшы атсалысқан.

Сол кезде-ақ құрылысшылардың ғимаратты жылдам салуда тәжірибесі бар екені айтылды. 2003 жылы Қытай астанасында аурухананы небәрі жеті күннің ішінде салып біткен еді.

Сондай-ақ, бұған дейін қытайлықтардың Ухань қаласына жақын жерден 1300 науқасқа арналған аурухана ашқаны хабарланды. Жоспар бойынша мамырда аяқталуы тиіс медициналық мекеме екі тәулікте салынып біткен.

Еске сала кетсек, бүгін Қытайда қауіпті коронавирустың салдарынан 361 адамның қайтыс болғаны хабарланды. Сондай-ақ эпидемия салдарынан зардап шеккендердің саны 17 205 адамға жеткен.

  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Перейти к верхней панели