Қуаныш Жұмабек: Әл-Фараби іздеген бақыттың кілті табылып қалуы мүмкін

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Өркениетті ел болу үшін халқымыздың материалдық және рухани байлығы бірдей болуы тиіс»,– деген болатын. Технология ағынының адамгершілік құндылықтармен бір арнада тоғысқаны қашанда құба-құп. Адамдағы өркениеттіліктің нышанын ұлттық ой-пікір мен сана-сезімнің қазыналы қойнауынан іздеген дұрыс. Қазақтың қайырымдылығы, қамқорлығы, өзге біреулерге қол ұшын беру қасиеті – ғасырлар бойы қалыптасқан, қанымызға сіңген мінез. Мәңгілік ел болудың негізі – мейірімді мемлекет, мейірімді қоғам. Елімізде қайырымдылық істермен айналысатын қорларды көбейте берген жөн. Осы жолда Әл-Фараби іздеген бақыттың кілті табылып қалуы мүмкін.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.д., проф.Ерден Қажыбектің ұсынысымен түркиялық ғалым, ф.ғ.д., проф.Сыткы Гөксудың жазбасын түрік тілінен қазақшаға аудардым. Аударманы «Әзіл сияқты көрінгенімен, бұлардың бәрі – шындық!» атты тақырыпта ұсынамын.

Әзіл сияқты көрінгенімен, бұлардың бәрі – шындық!

Мешітке бардыңыз делік.

Қақаған аяз.

Шадырван су бұрқағында дәрет алып отырасыз. Алайда, мұздай су денеңізді дірілдетеді.

Дәл сол уақытта қасыңыздағы қолында құманы бар бір жас жігіт дәрет алып болады.

«Мінекейіңіз, мырза. Жылы сумен дәрет алыңыз!», – деп айтады.

Таң қаласыз.

Сосын, жас жігіттің киімінің оң жақ кеудесіндегі жазуға көзіңіз түседі.

«Қыста дәрет алатын адамдарды ыстық сумен қамтамасыз ету қорының қызметкері» деп жазылып тұрады.

Немесе керісінше.

Тамыз ыстығы тіліңізді таңдайыңызға жабыстырады.

«Мұздай бір су болғанда ғой»деп ішіңізден ойлай бергеніңізде, бір кесе су қолыңызға ұсынылып тұрады.

Суды шөліңіз қанғанша ішіп, жаныңыз рахаттанады.

Алғыс айту үшін және қолына аз-маз тыйын ұстатуға бір кесе су берген жас жігітке бұрыласыз.

Алайда, ол ақшаны алмайды.

Одан сайын таң қалып «Сіз кім боласыз?»,– деп сұрайсыз.

Жас жігіт «Мен жазда суық су тарататын қордың қызметкерімін», –  деп жауап береді.

Әлі аяқталмады. Сіз өте кедейсіз делік.

Тұрмысқа шығатын жасқа келген қызыңыз бар.

Алайда, тіпті жасауы да дайын емес.

Бір күні қараңғы түсе бастаған уақытта, есігіңізді біреулер қағады.

Есік алдында екі әйел тұрады. Қолдарында қапталған шілтерлер,орамалдар және жапқыштар бар.

Көзіңіз жасқа толып, даусыңыз дірілдеп «Сіздер кім боласыздар?»,– деп сұрайсыз.

«Біз жағдайы жоқ қыздардың жасауларын дайындауға көмек көрсететін қорданбыз», – дейді.

Әзіл сияқты көрінгенімен, бұлардың бәрі – шындық!

Бұлар осыдан 500 жыл бұрын осы жерлерде болған еді.

Қайдан білесіз дейсіз ғой?

Осман империясы кезіндегі қорлардың тізімі табылды.

Адам ерекеше әсер алып, дене тітіркене түседі.

«О, Жаратқан! Не деген мәдениет! Не деген ізгі қасиет!»

XV, XVI ғасырларда Осман империясында құрылған қорлар:

1. «Ғылыми кітаптарды сыйға беру» қоры;

2. «Көше иттеріне нан беру» қоры;

3. «Науқастарды үйінде қарау» қоры;

4. «Қыздардың жасауларын дайындау» қоры;

5. «Көше қабырғаларына жазылған жазуларды өшіру» қоры;

6. «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау үйі» қоры;

7. «Тегін ыстық пиде (нан түрі) тарату» қоры;

8. «Қаланың эстетикалық көркемдігін сақтау» қоры;

9. «Жануарларға арналған жайылым жерлерді ашу» қоры;

10. «Жол қауіпсіздігін сақтау»қоры;

11. «Бір-бірін кешіру» қоры;

12. «Бастауыш сынып мұғалімдеріне темекі шегуге тыйым салу» қоры;

13. «Жағдайы төмендерге ақшалай көмек беру» қоры;

14. «Көгершіндерге арналған үйшік салу» қоры;

15. «Ләйлектерді қорғау» қоры;

16.«Берешектері көп адамдардың қарыздарын төлеу» қоры;

17. «Тақырға отырған саудагерлерге көмек көрсету» қоры;

18. «Әдемі жазуға үйрету» қоры;

19.«Жазда суық су тарату» қоры;

20.«Қыста дәрет алатындарды ыстық сумен қамтамасыз ету» қоры.

         Тағы басқалары бар.Жаза берсе өте көп.

         Қазіргі таңда халыққа ғибрат боларлықтай қандай игі істер атқарылып жатыр? Осы жағын ойланып көрелік.

         Елімізде осындай қорлар көп болса деген үмітіміз бен тілегіміз бар.

Отанымыз материалдық-рухани тұрғыдан бақытқа кенелгей!

Қуаныш Жұмабек

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
Перейти к верхней панели